2025 жылғы 17 қазанда №55 мектепте маңызды рухани-танымдық іс-шара өтті. Мектебімізге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі қоғам қайраткері, “Бозторғай” фильмінің авторы Естек Қанат Ғалымжанұлы арнайы қонақ болып келді.
Кездесудің басты мақсаты — жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тарихты терең тануға үндеу және отбасы мен ананың қоғамдағы орны туралы терең ой қозғау болды.
Қанат Ғалымжанұлы “Бозторғай” фильмі туралы кеңінен әңгімелеп беріп, туындының мән-мағынасы мен түйінін түсіндірді. Ол өз сөзінде ана мен бала арасындағы байланыс, анаға деген құрмет, ананың мейірімі мен төзімі жайында әсерлі ойлар айтты. Ана — тіршіліктің тірегі, ұлттың ұйытқысы екенін баса атап өтіп, қатысушыларды терең ойға жетеледі.
Іс-шара барысында мектеп мұғалімдері ананың қадірі мен бала тәрбиесітақырыбында театрландырылған көрініс қойып, көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Көрініс арқылы ана жүрегінің мейірімі, баласына деген шексіз махаббаты мен ананың көз жасы арқылы берілетін тәрбие терең жеткізілді.
Одан бөлек, ұстаздар мен оқушылар өз ойларын ортаға салып, сұрақ-жауап форматында пікір алмасты. Қанат Ғалымжанұлы жастарды адалдыққа, отансүйгіштікке, ата-анаға құрметпен қарауға шақырды.
Кездесу өте әсерлі өтті, тыңдаушылардың жүрегіне жол тауып, рухани серпіліс сыйлады. Бұл кездесудің мектеп ұжымы мен оқушылар үшін тәрбиелік мәні зор болды. Естек Қанат Ғалымжанұлына алғысымыз шексіз!
